Сурет: ашық дереккөз
Соңғы жиырма жылда Қазақстанда кедейлік шегінен жоғары табыс табатын азаматтардың үлесі 81,8 пайыздан 95,1 пайызға өскен. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің қазан айындағы Poverty & Equity Brief есебінде айтылған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сарапшылардың мәліметінше, 2006 жылы халықтың 18,2 пайызы ұлттық кедейлік шегінен төмен табыс тапқан, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,9 пайызға төмендеген. Осылайша, жиырма жыл ішінде кедейлік деңгейі шамамен төрт есе қысқарған. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша күніне 8,30 доллардан аз табыс табатындардың үлесі 2006 жылғы 55,7 пайыздан 2024 жылы 13,8 пайызға дейін азайған.
Табыс теңсіздігі де төмендеген: Джини индексі 2024 жылы 30,2-ден 29 пунктке дейін төмендеп, Қазақстан табыс теңсіздігі ең аз елдердің қатарына кіреді. Дүниежүзілік банк бұл оң өзгерістерді негізінен еңбек табысының өсуімен байланыстырады.
Халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Жалақы 29,4 пайызға өсіп, 1,8 миллионға жуық адамға, оның ішінде бюджет саласының 370 мыңнан астам қызметкеріне әсер етеді.
Сонымен қатар «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бағытталып, шамамен 100 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазір экономикада 9,4 миллион адам еңбек етіп, жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрайды.
Болжам бойынша, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион жұмысшы қажет болады, оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтары бойынша. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сұранысқа ие мамандықтар тізімін 51-ден 174-ке дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Мазмұнға өту
