Сурет: Жайық Пресс
Қазақстанда бақыланатын жүктердің қозғалысына күшейтілген ветеринарлық бақылау жалғасуда. «Сырым» және «Шаған» ветеринарлық бақылау бекеттерінде жүк көліктерін тексеру барысында ветеринарлық-санитарлық талаптардың сақталмағанының екі фактісі анықталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алғашқы факт «Сырым» ветеринарлық бақылау бекетінде тіркелді. Инспекторлар Ресей Федерациясының Самара облысынан Түркістан облысының Бәйдібек ауданына 22 тонна бидай кебегі тиелген жүк көлігін тексерді.
Тексеру кезінде ҚР АШМ ВБКК Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлері өңірдің фитосанитарлық инспекторларымен бірлесіп бірден үш бұзушылықты анықтады: ветеринарлық ілеспе құжаттар мен таңбалаудың болмауы, сондай-ақ өнімді міндетті термиялық өңдеу талаптарының сақталмауы.
Тексеру қорытындысы бойынша жүк жөнелтуші елге қайтарылды. Жүргізушіге ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
«Шаған» ветеринарлық бақылау бекетінде Атырау облысынан Ресейдің Уфа қаласына балық өнімдерін тиеп барған көлікті тексеру кезінде ветеринарлық ілеспе құжаттардың жоқтығы анықталды. Көлік құралы да жөнелтуші елге қайтарылды.
Тасымалдаушылардың өкілдеріне Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 «Еуразиялық экономикалық одақта ветеринарлық-санитарлық шараларды қолдану туралы» шешімімен белгіленген міндетті ветеринарлық-санитарлық талаптар түсіндірілді.
2026 жылдың басынан бері өңірдің ветеринарлық қызметі ветеринарлық-санитарлық талаптардың сақталмағанының 290 фактісін анықтады. Тексеру нәтижелері бойынша барлық 290 көлік құралы жөнелтуші елге қайтарылып, 145 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бақыланатын жүктердің қозғалысы кезіндегі бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жүйелі негізде жүргізіп отыр. Ветеринарлық ілеспе құжаттардың болуына, өнімді өңдеу мен таңбалау талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады.
Қабылданған шаралар белгіленген нормаларды бұза отырып өнімнің әкелінуі мен қозғалысына жол бермеуге, ішкі нарықты әлеуетті қауіпті жүктерден қорғауға және елдің ветеринарлық-санитарлық және эпизоотиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мазмұнға өту
