Жайық news

БҚО-да жыл басынан 327,9 км жол жұмысы аяқталды

Сурет: Жайық Пресс

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов автожол саласын реформалау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оған селектор режимінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кеңесте Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи циклдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында белгіленген міндеттер аясында жол құрылысының сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу және саланы басқару жүйесін жетілдіру қаралды. Сондай-ақ жол құрылысы нормативтерін жаңарту, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейту және ауыр жүк көлігінің қозғалысын бақылауды қатаңдату мәселелері талқыланды.

Премьер-министр қараша айының соңына дейін саланы реформалау жөнінде кешенді ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Облыста жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өңірдің автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 078 км құрайды. Соңғы үш жылда 1 542 км-ден астам жолды жөндеуге 258 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 59 ауылдық елді мекенге кіреберіс жолдарда жұмыстар атқарылды.

Биыл Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы автомобиль жолының 144 км-інде асфальтбетон жабынын төсеу аяқталды. Жалпы алғанда, жыл басынан облыста 327,9 км жол жұмыстары толық аяқталды.

Кеңесте көтерілген мәселелерді түсіндіре отырып, облыс әкімі жол құрылысының сапасын бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы жол инфрақұрылымын дамытуды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде айқындайды. Біздің басты мақсатымыз – салынған және жөнделген жолдардың халыққа ұзақ жылдар бойы қызмет етуін қамтамасыз ету. Сондықтан құрылыс материалдарының сапасы, технологиялық талаптардың сақталуы және мердігерлердің жауапкершілігі қатаң бақылауда болуы тиіс, – деді Нариман Төреғалиев.

Кеңес қорытындысы бойынша тиісті басқармаларға жол жобаларын сапалы әрі уақтылы орындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелерін орындауын бақылау тапсырылды.

Көп оқылғандар