Жайық news

БҚО-да Сайын Ахметқалиев атындағы «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысы Таскала ауданында Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-гимназия базасында «Жас сақшы» сыныбы салтанатты түрде ашылды. Жаңа сыныпқа қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Сайын Ахметқалиевтің есімі берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде облыста 13 «Жас сақшы» сыныбы жұмыс істейді. Жуырда жас тәртіп сақшылары арасында «Айбынды сақшылар додасы» спорттық эстафетасы ұйымдастырылып, ол командалық рухты нығайтуға, оқушылардың патриоттық көңіл-күйін арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етті.

Сайын Ахметқалиев Алматы милиция мектебін бітіріп, еңбек жолын Фурманово ауылында (қазіргі Жалпақтал) тергеуші болып бастаған. Кейін Таскалада (бұрынғы Камен) аға тергеуші және кезекші инспектор қызметін атқарған. 1979 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қарулы қылмыскердің қолынан қаза тапты.

Салтанатты шараға ардагердің отбасы атынан ағасы Биржан Морякулы Құжаков, ұлы Бақытжан Сайынұлы және қызы Айгүл Сайынқызы қатысты. Олар әкелерінің есімі мәңгіленіп, өскелең ұрпаққа үлгі болып жүргені үшін алғыс білдіріп, жас тәртіп сақшыларына сәттілік тіледі. Шараның құрметті қонақтары қатарында ардагерлер, аудан әкімі, аудан прокуроры және білім бөлімі басшылығының өкілдері болды.

БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Қадыржан Сағын өз сөзінде «Жас сақшы» сыныбының оқушыларды патриотизмге, тәртіпке және жауапкершілікке тәрбиелеудегі маңыздылығын атап өтіп, балаларды білімге ұмтылып, еліне адал азамат болуға шақырды.

Салтанатты рәсім аясында 8-сыныптың 16 оқушысы «Жас сақшы» қатарына қабылданды. Олар Отанға адал болуға, заң мен тәртіпті құрметтеуге, жауапкершілік танытып, ел игілігі үшін еңбек етуге салтанатты түрде уәде берді.

«Жас сақшы» сыныбын ашу өскелең ұрпақтың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастырудың, құқықтық сауаттылықты арттырудың және қоғамдық тәртіпке құрметпен қарауға тәрбиелеудің маңызды қадамы болып табылады. Бұл бастама жасөспірімдерге тәртіп пен жауапкершілікті сіңіріп, олардың қоғам мен мемлекет алдындағы азаматтық борышын сезінуіне көмектесуге бағытталған.

Көп оқылғандар