Жайық news

БҚО-да АИТВ анықталған 10 адам іздестірілуде

Сурет: vstrecha.by

Батыс Қазақстан облысында АИТВ инфекциясы расталған 10 адамды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы өңірлік денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Ведомство дерегінше, 2026 жылдың тоғыз айында облыста АИТВ жұқтырудың 44 жаңа жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азырақ: 2025 жылы осы уақытта 55 жағдай анықталған.

Қазір диспансерлік есепте 755 адам бар. Биыл АИТВ жұқтырған үш адам қайтыс болса, былтыр бұл көрсеткіш төрт адамды құраған.

Медициналық бақылауда АИТВ инфекциясы бар 11 жүкті әйел тұр, олардың алтауы босанған. Былтыр 13 жүкті әйел бақылауда болып, тоғызы сәбиін дүниеге әкелген.

Сонымен қатар биыл өңірде бес жасар баладан АИТВ инфекциясы анықталған. Эпидемиологиялық тексеру қорытындысы бойынша инфекция балаға анасынан жұққаны белгілі болды.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста медициналық көмек көрсету, қан құю және стоматологиялық процедуралар кезінде АИТВ жұғу жағдайлары тіркелмеген. Айта кетейік, АИТВ-ның анадан балаға берілу қаупі 2%-ға дейін төмендеді.

Көп оқылғандар