Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері құны 14 млн теңгеден асатын 36 жылқыны ұрлауға күдікті адамды ұстады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
БҚО ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Қаратөбе және Сырым аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде облыстың бір ауданының 48 жастағы тұрғыны ұсталды, ол мал ұрлығына күдікті деп танылды.
Тергеу барысында күдіктінің жылқыларды еркін жайылымнан ұрлап, өз ауласына қамап, кейін елдің оңтүстік өңірлеріне сатқаны анықталды. Қазіргі уақытта полиция күдіктінің құны 14 млн теңгеден асатын 36 жылқыны ұрлауға қатысын дәлелдеді.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Заңнамаға сәйкес, мал ұрлығы үшін мүлікті тәркілеумен 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Полиция мал иелеріне жануарларды қараусыз қалдырмауды, уақытылы идентификациялауды және GPS-трекерлер орнатуды ұсынады. Бұл шаралар ұрлықтың алдын алуға және жоғалған немесе ұрланған малдың орнын жылдам анықтауға көмектеседі.
