Сурет: Видеодан алынған кадр
Астана қаласындағы ескі теміржол вокзалы аумағында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында төбе опырылып түсті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде асхана ішінде 8-9 адам болған. Келушілердің көпшілігі қауіпті жерден шығып үлгерген. Төтенше жағдай салдарынан екі адам вокзалдағы медициналық пунктке жүгінген.
Оқиға орнында вокзал бастығының кезекші орынбасары тексеру жүргізіп, тиісті акт толтырды.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді. Компания мәліметінше, оқиға вокзал аумағындағы «Ертас» ЖШС-не қарасты асханада таңғы сағат 05:35-те болған. Асхана орналасқан 2 371 шаршы метрлік нысан 2002 жылдан бері серіктестіктің жеке меншігінде. Сондықтан ұлттық тасымалдаушы жеке меншік нысанның ішкі жұмысына араласуға құқығы жоқ екенін және оны күтіп-ұстауға жауапты емес екенін мәлімдеді.

