Сурет: istockphoto.com
Астанадағы жоғары оқу орнының қызметкері талапкерлерді оқуға түсіремін деп алдап, олардан ақша алған. Ол әр адамнан 900 мың теңгеге дейін ақша жымқырған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тергеу деректері бойынша, университет қызметкері өз әрекетін жүзеге асыру үшін мөр мен жалған келісімшарттарды пайдаланған. Ол 18 талапкерді алдап, әр азаматтан 600 мыңнан 900 мың теңгеге дейін ақша алған.
Сот барысында айыпталушының қызметтік жағдайын пайдалана отырып бірнеше рет алаяқтық жасағаны, сондай-ақ ресми құжаттар мен жалған мөр дайындағаны дәлелденді, — делінген Астана қаласының прокуратурасының хабарламасында.
Сот үкімімен алаяқтық жасаған азамат 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

