Сурет: Астана қаласының әкімдігі
Астанада дәстүрлі «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі ашылды. Елорда тұрғындары еліміздің түрлі өңірінен келген шаруалардың өнімдерін үш сауда алаңынан тиімді бағамен ала алады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жәрмеңкеге Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Абай облыстарынан және еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген фермерлер қатысып жатыр.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қазір еттің келісі мынадай бағамен сатылып жатыр: сиыр еті – 3 300 теңге, жылқы еті – 3 500 теңге, қой еті – 3 700 теңге.
Мамандардың айтуынша, мұндай сауда орындарында апта сайын орта есеппен 150-200 тонна ет өткізіледі. Ал маусым аяқталғанша сатылатын өнім көлемін 1 000 тоннадан асыру жоспарланып отыр.
Сатылымдағы барлық ет зертханалық тексеруден өтеді. Мамандар бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін сауда үстемесін бақылауда ұстайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі ретінде етке қойылатын сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс.
Жәрмеңке 2026 жылдың соңына дейін әр демалыс күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін мына мекенжайларда өтеді:
📍 Keruen Joly сауда орталығы – Алаш тасжолы, 35Б;
📍 «Ет Әлемі» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 31/1;
📍 Jurt сауда орталығы – Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша «Дала дәмі» жәрмеңкелерінде 7,5 мың тоннадан астам өнім ұсынылды.
Мазмұнға өту
