Сурет: Egemen Qazaqstan
Елордалық хирургтер жаңа туған нәрестенің денесінен 2 келіден асатын ісікті алып тастады. Бұл ісік сәбидің туған кездегі жалпы салмағының жартысына жуығын құраған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
UMC Балалар хирургиясы клиникалық-академиялық департаментінің неонаталдық хирургі Нұрхат Мұхаметқалиевтің айтуынша, әйел тұрғылықты жеріндегі дәрігерлердің бақылауында болған. Сәби мерзімінде дүниеге келген. Нәрестенің жағдайы өте ауыр болғандықтан, оны Астанаға жеткізу туралы шешім қабылданған.
«Өкпені жасанды желдету аппаратында жатқан бала санитарлық авиация арқылы Шымкенттен Астанадағы Ана мен бала орталығының неонаталдық хирургия бөліміне жеткізілді. Оған туа біткен даму ақауы, нақтырақ айтқанда, сегізкөз-құйымшақ аймағының тератомасы диагнозы қойылды», — дейді Нұрхат Мұхаметқалиев.
Барлық диагностикалық зерттеулерден кейін хирургтер ісікті алып тастауға кіріскен. Бөлім меңгерушісі Жеңіс Сақуов, неонаталдық хирург Нұрхат Мұхаметқалиев және резидент-дәрігер Нұрболат Ерсайынов 3 сағаттан астам уақыт бойы ота жасаған.
«Ең үлкен қиындық тератоманың аса ірі көлемі және нақты анатомиялық бағдарлардың мүлде болмауы болды. Бұл аймақта нәрестенің зәр шығару және ас қорыту жүйелерінің өмірлік маңызды мүшелері, сондай-ақ ірі қан тамырлары мен жүйке ұштарының шоғырлары орналасқан», — дейді дәрігер.
Қазір жаңа туған сәби қарқынды терапия бөлімінде жатыр және өздігінен тыныс алып отыр. Оның өмірлік көрсеткіштері салыстырмалы түрде тұрақты. Дәрігерлердің айтуынша, әрі қарайғы болжам гистологиялық зерттеу қорытындысына байланысты болады, өйткені тератоманың кейбір түрлері қатерлі ісік болуы мүмкін.

