Жайық news

Ақжайық ауданында Қабыршақты ауылының жаңа мәдениет үйі ашылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы Қабыршақты ауылында Республика күні қарсаңында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұрынғы 1961 жылы салынған мәдениет үйі апатты деп танылған еді. Жаңа нысанды «АлТим» құрылыс компаниясы салып шықты, құны 376 млн теңге. Көрермен залы 100 орынға арналған.

— Ауылдың ажары көрікті келбетімен ғана емес, рухани байлығымен де өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа нысанның ел игілігіне берілуі Қабыршақты ауылының әлеуметтік-мәдени өміріндегі айтулы өзгеріс болды. Баршаңызды ұлттық мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа амандық пен шаттық тілеймін. Мәдениет үйі бірлік пен береке, өнер мен өнегенің ордасына айналғай! — деді ауыл тұрғындарын құттықтай келген облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев.

Ашылу салтанатында жергілікті өнер ұжымына облыс әкімі атынан 10 домбыра тарту етіліп, жаңа нысанның ауласына қарағай көшеті отырғызылды. Жиналғандар мәдениет үйін аралап, концерттік бағдарламаны тамашалады.

Ақжайық ауданында соңғы үш жылда Жамбыл, Мерген және Бударин ауылдарында мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтіп, Көнеккеткен ауылында жаңа ғимарат пайдалануға берілген. 2023 жылдан бері өңірде 17 мәдениет нысаны жаңадан салынды.

Көп оқылғандар