Жайық news

БҚО-да газ құю станциялары мен автотұрақтарда рейд жүргізілді

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысы ТЖД өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері автогаз құю станцияларында және көпқабатты тұрғын үйлердің жерасты автотұрақтарында профилактикалық рейдтер өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараның басты мақсаты – сұйытылған мұнай газын пайдалануға байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру. Рейд барысында автогаз құю станцияларының қызметкерлеріне автокөлікке арналмаған тұрмыстық газ баллондарын құюға қатаң тыйым салынғаны және отын құю кезінде қауіпсіздік техникасын сақтау қажеттігі ескертілді.

Сонымен қатар инспекторлар көпқабатты үйлердің жерасты автотұрақтарына ерекше назар аударды. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес, газ баллонды жабдықпен жарақталған көліктердің ғимараттардың жертөле және цоколь қабаттарында орналасқан автотұрақтарға кіруіне қатаң тыйым салынады. Бұл талапты бұзу газ ағып кеткен жағдайда тұрғындардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.

Тексеру кезінде мамандар ақпараттық жаднамалар таратып, нысандар аумағына көрнекі материалдар орналастырды. Мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілетін болады. Басқарма өкілдері газ иісі сезілген немесе төтенше жағдай туындаған кезде 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарласу қажеттігін еске салады.

Көп оқылғандар