Сурет: Egemen Qazaqstan
Ақтау маңындағы «Көгілдір шығанақ» ауданында екі адам суға батып кетті. Бұл қайғылы оқиғаны Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті растады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Департаменттің ресми өкілі Ерлан Солтанмұратовтың айтуынша, оқиға 26 маусым күні сағат 20:40 шамасында Ақтау қаласынан 64 шақырым жерде болған. Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 2001 жылы туған екі жігіттің мәйіті теңізден табылып, жағаға шығарылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жастар шомылуға тыйым салынған жерде суға түсіп, батып кеткен. Құтқару жұмыстарына ТЖД-ның 5 қызметкері, 8 құтқарушы, 4 арнайы техника және 2 жүзу құралы жұмылдырылды.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қонақтарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Құтқарушылар тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда шомылуға, қатты толқын кезінде суға түспеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
«Азаматтарды өз өмірі мен жақындарының өмірін сақтауға шақырамыз», деді құтқарушылар.

