Алматыда БАҚ қызметкерлеріне пәтер кілттері табысталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

27 маусым күні Алматыда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан медиа саласы мамандарына баспана кілттері салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Qazaqstan», «Хабар», «Еуразия», «КТК», «31 арна» телеарналарының, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің, «Жас Алаш», «Время», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» басылымдарының және «Шалқар» радиосының қызметкерлеріне барлығы 15 пәтердің кілті берілді.

Президенттік бастамалар қоры Dara ұйымдастырған шараға Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров қатысып, алматылық әріптестерін қоныс тойымен құттықтады.

«Өздеріңіз білетіндей, Президент отандық журналистиканы дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Ақордада Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел мен ұлт игілігі жолында еңбек етіп жүрген журналистердің жұмысын жоғары бағалап, әсіресе ақпарат кеңістігінде тынымсыз еңбек етіп жүрген өңірлік тілшілердің еңбегіне лайықты көңіл бөлінуі қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда еңбек ететін журналистерге де пәтер кілттері табысталатын болды. Бұл игі бастама қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын Алматыда жалғасын тапты. Көптеген дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының тарихы дәл осы қаладан бастау алады. Мемлекет басшысы Алматы қаласының тыныс-тіршілігін әрдайым ерекше бақылауда ұстайды», деді Айбек Смадияров.

2026 жылы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне барлығы 66 пәтер беріледі. Оның 15-і Астанада, 15-і Алматыда, ал қалған 36 пәтер еліміздің 18 өңірінің әрқайсысына екі пәтерден бөлінеді.

Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж журналистердің тізімі Президенттік бастамалар қоры Dara, Президент Іс басқармасы, жергілікті атқарушы органдар және бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларымен бірлесіп жасақталды.

Соңғы үш жыл ішінде Мемлекет басшысының атынан 200 бұқаралық ақпарат құралдары қызметкері тұрғын үй сертификаттарының иегері атанған.

Ұқсас жазбалар

Астанада екі көшеде көлік қозғалысына 1 шілдеге дейін шектеу қойылды

Астанада екі көшенің жалғасқан учаскелерінде 1 шілдеге дейін көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.

Екі облыста жер сілкінісі сезілді

Бүгін Астана уақытымен сағат 18:34-те сейсмикалық станциялар жер сілкінісін тіркеді. ТЖМ мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы…

Астанада құтқарушылар автобус өртін жедел сөндірді

Астанада Есіл ауданы Әл-Фараби даңғылында автобустың қозғалтқыш бөлігінен өрт шықты. Құтқарушылар өртті жедел сөндіріп, ешкім…