Жайық news

Акжайық ауданына Австралиядан 250 бас ірі қара әкелінді

Сурет: Жайық Пресс

Қазақстанның мал шаруашылығында асыл тұқымды мал басын сапалы жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Осы бағыттағы кезекті қадам ретінде Австралиядан Герефорд және Абердин-Ангус тұқымды 250 бас ірі қара әкелінді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мал Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға жеткізіліп, онда заңнамада көзделген ветеринариялық рәсімдерден өтті. Қазақстан Республикасының ветеринариялық талаптарына сәйкес мал 21 күн карантинде ұсталды.

Осы уақыт ішінде мамандар малдың физиологиялық жағдайына кешенді баға беріп, бақылау жүргізді, инфекциялық аурулардың клиникалық белгілерінің жоқтығын, сондай-ақ ветеринариялық ілеспе құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексерді. Ветеринариялық-санитариялық нормалардың сақталуына ерекше назар аударылды.

Барлық қажетті рәсімдер аяқталған соң асыл тұқымды мал Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы Бударино ауылында орналасқан «Amaner-IZI» шаруашылығына жіберіледі.

Асыл тұқымды мал басын әкелу шаруашылыққа табынның генетикалық базасын кеңейтуге және селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты жетілдіруге қосымша мүмкіндіктер жасайды. Герефорд пен Абердин-Ангус тұқымдары етті мал шаруашылығында өнімділік қасиеттері мен бейімделу ерекшеліктерінің арқасында кеңінен қолданылады.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту Қазақстанның агроөнеркәсіптік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл бағыттағы жұмыс мал басының сапалық сипаттарын арттыруға, өнімділікті өсіруге, отандық асыл тұқымдық базаны нығайтуға және бәсекеге қабілетті мал шаруашылығы өнімін өндіруді ұлғайтуға бағытталған.

Көп оқылғандар