Аида Балаева бірқатар журналиске мемлекеттік наградалар табыстады

Сурет: Еgemen.kz

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. Мереке қарсаңында Мемлекет басшысының атынан отандық бұқаралық ақпарат құралдарының үздік өкілдері марапатталды. Мемлекеттік наградаларды Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің ақпарат саласын дамытуға елеулі үлес қосқан журналистер, редакторлар, продюсерлер, тележүргізушілер, фототілшілер және отандық журналистиканың ардагерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Марапат алғандардың ішінде бас басылымның қызметкерлері де бар. Атап айтқанда, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталса, газеттің Білім және ғылым бөлімінің аға тілшісі Бекен Қайратұлы «Құрмет» орденімен, ал басылымның Әлеумет және спорт бөлімінің меңгерушісі Жомарт Оспан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаған Аида Балаева Мемлекет басшысының сөзін мысалға келтірді.

Президент: Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры

Елімізде медиа саласын жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы цифрлық платформалардың қызметін реттеуге және интернет-жарнама нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылданды. Ал 2024 жылғы маусымда күшіне енген «Масс-медиа туралы» заң саланы дамыту үшін заманауи құқықтық жағдай қалыптастырып, сөз бостандығының кепілдіктерін нығайтты.

Биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституцияда сөз бостандығының, ақпарат алу құқығының және дербес деректерді қорғаудың кепілдіктері күшейтіліп, ашық әрі жауапты ақпараттық кеңістікті дамытуға берік негіз қаланды. Бүгінде Қазақстанның медиа саласы елдегі маңызды қоғамдық институттардың біріне айналды.

Биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Республикада 5 303 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3 181 мерзімді баспасөз басылымы, 253 телеарна, 97 радиостанция, сондай-ақ 1 457 ақпарат агенттігі мен желілік басылым бар. Кәсіби мерекеге орай сала қызметкерлері «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар медиа саласының өкіліне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Ұқсас жазбалар

Курьер әйелдің отбасы ұсынылған көмектен бас тартқан

Курьер әйелдің отбасы Алматыдан Шымкентке көшіп, ұсынылған көмектен бас тартқан. Вице-министр Ербол Тұяқбаев дербес деректер…

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 164 адамға жетті

Венесуэланың солтүстігінде болған жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 164 адамға жетті, ал жараланғандардың қатары…

Президент БАҚ қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады

Мемлекет басшысы отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан бір топ БАҚ қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.