Қаржы

Әлемдік нарықта көмір бағасы тоннасына 145 долларға жетті

Сурет: ашық дереккөз

Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс және энергия ресурстарына сұраныстың өсуі әлемдік нарықта көмір бағасының тоннасына шамамен 145 долларға дейін көтерілуіне әкелді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

SPA мәліметінше, көмір бағасы соңғы екі айдағы ең төменгі деңгейге түскеннен кейін қайта өсе бастады. Бұған энергия ресурстарын жеткізудің тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық себеп болды.

Сонымен қатар, бірқатар ел электр энергиясын өндіру үшін көмірді көбірек пайдалануда. Нарыққа сұйытылған табиғи газ бағасы да әсер етуде. Бұған дейін газдың қымбаттауы көмірге сұраныстың артуына ықпал етіп, оның бағасы соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен болатын.

Бұған дейін Алматыда 2027 жылдан бастап көмір сатуға тыйым салу жоспарланып отырғаны хабарланған. Былтыр тамыз айында «Каспий» тауар биржасы» АҚ таратқан аналитикалық есепте көмір Қазақстанда жақын болашақта да негізгі отын және энергия көзі ретінде өз орнын сақтап қалатыны айтылған.

Еске салайық, биыл мамыр айында әлемдік нарықта отандық көмірдің экспорттық бағасы айтарлықтай өсіп келе жатқанын, бұған Еуропа елдері мен Солтүстік Африка тарапынан сұраныстың артуы және жеткізу тізбегіндегі тәуекелдер себеп болып отырғанын хабарлаған едік.

Айта кетейік, Қазақстан көмір кенінің қомақты қорына ие және әлемде 10-шы орында тұр, бұл өндірудің қазіргі көлемімен алғанда 300 жылдан астам уақытқа жетеді.

Көп оқылғандар