Басты тақырып

Тоқаев: БҰҰ Жарғысы мүлтіксіз сақталуы тиіс

Сурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық инфрақұрылымға төніп тұрған қауіптің арта түскенін маңызды мәселе ретінде атады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Нью-Делиде өткен «БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде осылай мәлімдеді.

«Дәл осы себепті бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық экономикалық және орнықты дамуға қажетті алғышарттар саналады. Алайда бұл экономика шеңберіне де сыймайтын мәселе. Саяси диалог пен дәйекті дипломатия арқылы аймақтағы шиеленісті бәсеңдетіп, ұзақмерзімді тұрақтылық орнатуға басымдық берілуге тиіс. Кеңірек қарайтын болсақ, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының күйреуі және ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктерді, сондай-ақ жаңсақ шешімдер қабылдау қаупін күшейтеді. Сондықтан ядролық, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту мақсатында атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы өте қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымдауынша, жетекші державалар арасындағы сенімнің төмендеуі БҰҰ-ның тиімді жұмыс істеу мүмкіндіктерін шектеп отыр.

«Алайда БҰҰ-ға балама жоқ. Реформа Ұйымның қақтығыстардың алдын алып, ұжымдық шешімдер қабылдау әлеуетін нығайтуға тиіс. БҰҰ Жарғысы мүлтіксіз сақталуы қажет. Оны әркім өз бетінше қолдануына болмайды. Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде қазіргі әлемнің жағдайы ескеріліп, оның құрамында Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдері болуын қамтамасыз еткен жөн. Дамып келе жатқан орта державалар да жаһандық ауқымдағы шешім қабылдауға салмақты үн қосуы керек. Өйткені олар диалогты өрбітіп, геосаяси қайшылықтар мен келіспеушіліктерді еңсеруге ықпал ете алады. Қазақстан серіктес ел ретінде БРИКС-ті нақты ынтымақтастыққа арналған, БҰҰ-ның көпжақты жүйедегі жетекші рөлін толықтыратын әрі халықтарды, өңірлер мен нарықтарды өзара байланыстыратын ашық алаң ретінде қарастырады. Әрбір күрделі мәселенің шешімін іздеу – біздің бұлжымас ұстанымымыз. Бұл Қазақстанның барлық серіктестермен өзара тиімді ықпалдастыққа ұмтылатын теңгерімді, нақты нәтижеге бағдарланған сыртқы саясатына сай келеді», деді Президент.

Көп оқылғандар