Сурет: Жайық Пресс
«Сырым» ветеринарлық бақылау бекетінде Ресей Федерациясынан әкелінген ірі партия тауық жұмыртқасының таңбалау талаптарын бұза отырып өткізілуіне жол берілмеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Самара облысынан Қызылорда облысына бағыт алған екі жүк көлігі 605 мың дана тауық жұмыртқасын тасымалдаған. Ветеринарлық бақылау барысында өнімнің сыртқы қаптамасында таңбалау затбелгілерінің жоқтығы анықталды.
Анықталған бұзушылықтарға байланысты екі көлік те кері қайтарылды. Жүргізушілерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Жүк тасымалдаушының өкілдеріне Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринарлық-санитарлық заңнамасының талаптары, оның ішінде Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 «Еуразиялық экономикалық одақта ветеринарлық-санитарлық шараларды қолдану туралы» шешімінің ережелері түсіндірілді.
Ағымдағы жылдың басынан бері өңірдің ветеринарлық бақылау бекеттерінде барлығы 294 бұзушылық тіркелген. Бақылау іс-шараларының нәтижесінде 294 көлік кері қайтарылып, 147 тұлғаға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен жүк тасымалдаушыларды елдің және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринарлық-санитарлық талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Қажетті таңбалаудың болуы, ветеринарлық ілеспе құжаттарды дұрыс ресімдеу және тасымалданатын өнімнің белгіленген нормаларға сәйкестігі оның мемлекеттік шекара арқылы заңды түрде өткізілуінің және елдің ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің міндетті шарттары болып табылады.
Мазмұнға өту
