Сурет: shutterstock.com
Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтардың ведомство атынан жалған ресми хаттарды таратып жатқанын ескертті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Агенттікке тағы бір жалған хат келіп түскені туралы ақпарат жетті. Қаскөйлер мемлекеттік органға хат жолдап, онда бір азаматқа қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын, оның мінездемесі мен өзге де мәліметтерді сұратқан.
«Агенттікке тағы бір жалған хат келгені туралы ақпарат келіп түсті. Қаскөйлер мемлекеттік органға хат жолдап, онда бір азаматқа қатысты тексерудің болып жатқанын, оның мінездемесі мен басқа да ақпаратты сұратқан. Бұған дейін де алаяқтар осыған ұқсас тәсілді қолданған. Олар жалған хаттарды жібергеннен кейін азаматтарға телефон немесе мессенджер арқылы хабарласып, өздерін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстырған. Түрлі сылтаумен азаматтардың жеке және банктегі деректерін алуға тырысқан, ақша бопсалаған», деп хабарлады ҚМА.
Осыған байланысты агенттік ресми хаттардың тек белгіленген тәртіппен жолданатынын, ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шоттары туралы мәліметті бермейтінін, ақша аударуды талап етпейтінін ескертті. Сонымен қатар ведомство құжатта логотип, мөр немесе қолтаңба бар екеніне ғана сүйеніп, оған сенуге болмайтынын хабарлады.
«Егер күмәнді хат алсаңыз, оның шынайылығын агенттіктің ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіз. Бейтаныс адамдарға жеке және банктегі есепшотты бермеңіз, олардың нұсқауымен ақша аудармаңыз. Күмән туындаған жағдайда ҚМА-нің 1458 нөмірлі Call-орталығына немесе +7 (7172) 70-84-79 телефоны арқылы Кезекші бөлімге хабарласыңыз. ҚМА азаматтар мен ұйымдарды сақ болуға және алаяқтардың айласына түспеуге шақырады», делінген хабарламада.
Жақында Қаржылық мониторинг агенттігі жалған жұмысқа орналастыру арқылы 1 млрд теңгеден астам әлеуметтік төлем ұрланғанын мәлімдеді. 2024-2025 жылдары агенттік жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге залал келтірген 13 қылмыстық істі қарады.
