Сурет: ашық дереккөз
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының прокуратурасы медициналық сақтандыру заңнамасының сақталуын тексеру кезінде жұмыс берушілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 2 млн теңгеден астам аударымды уақытылы төлемегенін анықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл 123 жұмыскердің кепілдендірілген медициналық көмек алуға конституциялық құқығын жүзеге асыруын шектеген.
Аталған бұзушылықтар «Қаратөбе» спорт клубы» МКҚК және «Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Қаратөбе аудандық демалыс орталығы» МКҚК-ның 2024-2026 жылдардағы қызметінде анықталды.
Прокуратураның ұсынуы бойынша берешек толық өтеліп, аталған кәсіпорындардың директорлары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 92-1-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Прокуратура жарналар мен аударымдарды уақтылы төлеу азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке үздіксіз қол жеткізуінің негізі екенін еске салады.
Айта кетейік, Алматы облысы прокуратурасының бастамасымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын заңсыз иемденген клиниканың басшысы ұсталды.
