Басты тақырып

Президент Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысын Ақордада қабылдады

Сурет: aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Иэн Сондерспен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент кеден заңнамасын жетілдіру мен кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруда ұйыммен ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтті. Ол Қазақстанның Еуразиядағы көлік байланысын нығайтуға және жүк тасымалына қолайлы жағдай жасауға күш салып жатқанын, сондай-ақ «ақылды шекара» моделін дамытып, кеден рәсімдерін оңтайландыру үшін цифрлық шешімдерді қолданып жатқанын жеткізді.

Иэн Сондерс Қазақстан мен ұйым арасындағы қарым-қатынастың қарқынына жоғары баға беріп, еліміздің кедендік әкімшілендіруде, цифрлық шешімдерді енгізуде және тиісті органдардың институционалдық құзыретін нығайтуда елеулі жетістіктерге жеткенін атап өтті.

Тараптар 30 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады. Сондай-ақ олар әлемдік саудадағы сын-қатерлер мен үдерістер туралы пікір алмасып, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Иэн Сондерсті серіктестік пен достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Көп оқылғандар