Сурет: Жайық Пресс
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Түркия, Ресей және Әзірбайжаннан қала күнін мерекелеуге келген шетелдік қонақтармен бірге Жайық өзенінің жаңартылған жағалауын аралады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Чичерная көшесінен айлаққа дейінгі 669 метрлік жағалау бөлігінде жағаны нығайту жұмыстары жүргізілді. Екі мердігер ұйым жағаны нығайтумен қатар, айналаны абаттандырып, қала күніне орай Орал тұрғындары мен қонақтарына лайықты сый жасады.
Мұнда тротуар плиткасы төселіп, заманауи шамдар, орындықтар және бейнебақылау камералары орнатылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бұл аумақты су басу қаупі толығымен жойылды. Сонымен қатар, қала тұрғындары үшін жайлы демалыс аймағы пайда болды.
Шетелдік қонақтар Оралда жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын ғана емес, оның тарихи келбетін де жоғары бағалады.
Ресей Федерациясы Орынбор облысының вице-губернаторы Антон Ефимов Оралға сапары туралы әсерімен бөлісіп, екі өңірдің тарихи мұрасы мен сәулеттік келбеті жағынан ұқсастығын атап өтті.
Әзірбайжан Республикасы Мингечевир қаласы атқарушы билігі басшысының орынбасары Фарид Мамедов төрт жыл бұрын меморандумға қол қойылғаннан кейін бауырлас қалаларға айналған Мингечевир мен Орал арасындағы ынтымақтастық нығайып, дамып келе жатқанын атап өтті.
Айта кету керек, мұндай игі шаруалар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылуда.
Мазмұнға өту
