Сурет: Жайық Пресс
Оралда Депо көпірінде жол қозғалысы ережелерінің бұзылғанын ЦОУ бейнебақылау камералары анықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Той кортежі құрамындағы екі Toyota Alphard көлігінің люкінен екі жас жігіт шығып, артында келе жатқан көліктерді фото мен видеоға түсірген. Кешкі қарбалас уақытта көпірде олар люктен шығып қана қоймай, әсерлі кадрлар үшін қатты еңкейіп, қолдарын созған.
Мұндай әрекеттер өз өмірлері мен денсаулықтарына ғана емес, басқа да жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірді. Полиция қызметкерлері көрсетілген көліктерді дереу тоқтатып, тексеру жүргізді.
Тексеру барысында екі көліктің де белгіленген тәртіппен тіркелмегені анықталды. Сонымен қатар бір жүргізушінің бұған дейін де осындай әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны белгілі болды.
Жүргізушілерге тіркелмеген көлік құралдарын басқарғаны және жолаушылардың люктен шығуына жол бергені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды. Қауіпті әрекеттер жасаған мобилографтар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұзушылардың жасы 24–25-те. Олармен мұндай әрекеттердің салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция әлеуметтік желілер үшін әсерлі кадрлар үшін өз өміріне де, айналадағы адамдардың өміріне де қауіп төндіруге болмайтынын еске салады.
Мазмұнға өту
