Сурет: Жайық Пресс
Оралдағы Jaiyq Arena спорт кешенінде Батыс Қазақстан облыстық шахмат федерациясының кубогі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Дәстүрлі турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімі, облыстық шахмат федерациясының президенті Нариман Төреғалиев қатысты. Шахмат тақтасының басында Оралдан және барлық аудандардан іріктеу кезеңдерінен өткен 100-ге жуық спортшы бақ сынасты.
Жарыс Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) ережелеріне сәйкес швейцариялық жүйе бойынша әртүрлі жас санаттарында өтті. Партия қорытындысы бойынша турнирдің үздік шахматшылары анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Жарыстың ашылуында сөйлеген Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда шахмат спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Батыс Қазақстан облысында да өскелең ұрпақ арасында интеллектуалды ойындарды насихаттау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Бүгінгі таңда өңірде 11 мыңнан астам адам шахматпен тұрақты айналысады. Өткен жылы ғана үш мыңға жуық қатысушыны қамтыған 52 спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
Мектеп шахматын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда облыстың 183 мектебінде шахматтан вариативтік курс ұйымдастырылса, биылғы оқу жылынан бастап бұл тәжірибе өңірдің барлық жалпы білім беру мекемелеріне таратылды.
Алдағы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – интеллектуалды спорт инфрақұрылымын дамыту. Турнир барысында облыс басшысы Оралда шахмат және тоғызқұмалақ орталығының жаңа ғимаратын салу жоспарлары туралы хабарлады.
– Келесі жылы Орал қаласының Ақжайық шағын ауданында шахмат және тоғызқұмалақ орталығын салуға кірісеміз. Құрылысты 2027 жылы аяқтап, нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жаңа кешен интеллектуалды ойындармен айналысуға қажетті заманауи жабдықтармен жарақталады. Мұнда балалардың, жастардың және осы спорт түрлерімен айналысқысы келетіндердің қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ жарыстарға сапалы дайындалуға барлық жағдай жасалады, – деді Нариман Төреғалиев.
Облыс басшысының айтуынша, шахмат қозғалысын дамыту аудандық деңгейде де жалғасады. Басым міндеттер қатарында – барлық аудандарда облыстық федерацияның филиалдарын ашу, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, жас таланттарды қолдау және өңір мен елді халықаралық жарыстарда таныстыра алатын спортшыларды даярлау.
– Шахмат ойыны терең ойлауға, әр жүрісті талдауға және салмақты шешім қабылдауға үйретеді. Сондықтан осы интеллектуалды спорт түрін дамытуға салынған инвестицияны өскелең ұрпақтың болашағына қосқан маңызды үлес деп санаймын, – деп атап өтті облыс әкімі.
Шахмат инфрақұрылымын дамыту, білім беру бағдарламаларын кеңейту және өңірлік турнирлер өткізу облыстың шахмат мектебін одан әрі нығайтуға және жаңа чемпиондар даярлауға жағдай жасауға бағытталған.
Мазмұнға өту
