Сурет: Жайық Пресс
Орал қаласындағы Жеңіс алаңында 20 жігітті мерзімді әскери қызметке шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шара «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл жоба Абай облысында бастау алып, жастардың бойында патриотизм, азаматтық жауапкершілік және әскери борышқа құрмет сезімдерін тәрбиелеуге бағытталған.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Түрегалиев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихат тобының өкілдері, әскери қызметшілер мен Қарулы күштердің ардагерлері, жастар мен әскерге шақырылушылардың ата-аналары қатысты.
Болашақ әскери қызметшілерге сөз сөйлеген облыс басшысы мықты әрі қабілетті армия мемлекеттің қауіпсіздігі мен егемендігінің сенімді кепілі екенін атап өтті. Ол әскерге шақырылушыларға әскери борышын лайықты орындауды, батылдық, төзімділік және жауапкершілік танытуды тіледі.
– Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің қорғаныс қабілетін нығайту жөніндегі тапсырмасы біздің өңірде де жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Отанды қорғау – тәулік бойы еліміздің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз ететін әскери қызметшілердің ғана емес, әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы. Бұл қағидат халық қабылдаған жаңа Конституцияда да айқын көрініс тапты, – деп атап өтті Нариман Түрегалиев.
ҚР Қорғаныс министрлігі департаменті бастығының орынбасары Амангелді Тоғысов шараға қатысушыларды әскери тәртіп талаптары, әлеуметтік кепілдіктер және мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті.
Салтанатты рәсім барысында аға буын өкілдері болашақ әскери қызметшілерге әскердегі қызметіне дейін батасын беріп, ақ тілегін айтып, оларға зор денсаулық, батылдық пен төзімділік тіледі.
Азаматтық борышқа құрмет ретінде әскерге шақырылушыларға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының даналары да табысталды.
Жақын уақытта жас жігіттер Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының №5571 әскери бөліміне қызметке аттанады. Олардың әскери қызмет мерзімі бір жылды құрайды.
Айта кетейік, күзгі әскерге шақыру науқаны қыркүйекте басталды. Науқан аясында Батыс Қазақстан облысынан 600-ден астам жас азаматты қызметке жіберу жоспарлануда.
Әскердегі қызмет – әрбір жас адамның өміріндегі маңызды кезең, батылдық, жауапкершілік және патриотизм мектебі. Отанды қорғау – әрбір азаматтың құрметті міндеті әрі қасиетті борышы.
