Әлем

Непалдағы су тасқыны: 5200 адам із-түзсіз жоғалды

Сурет: ашық дереккөзден

Непалда 26 тамызда болған алапат су тасқынынан кейін шамамен 5200 адам әлі де із-түзсіз жоғалғандар тізімінде тұр. Олардың қатарында 636 шетелдік азамат бар, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құтқарушылар тапқан мәйіттердің тек 7 пайызының ғана жеке басын анықтай алды. Мамандар 1206 мәйіттен ДНҚ үлгісін алып, хабарсыз кеткендердің туыстарынан 1889 ДНҚ үлгісін жинақтаған.

Алайда әзірге небәрі 105 мәйіттің кім екені анықталып, олар туыстарына тапсырылды. Бұл көрсеткіш барлық табылған мәйіттердің шамамен 7 пайызын ғана құрайды.

Апат аймағына келген шетел азаматтарының туыстары құтқару жұмыстары туралы ақпараттың айтарлықтай азайғанын айтып шағымданып отыр.

Непал билігі елшіліктер мен олардың отбасы мүшелеріне іздеу-құтқару жұмыстары жөніндегі мәлімет тікелей және жанама байланыс арналары арқылы үздіксіз жеткізіліп жатқанын мәлімдеді.

11 қыркүйекте Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытай шекарасындағы су тасқыны болған аймақта Қазақстанның үш азаматшасы болуы мүмкін деген болжам жасап, іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлаған еді.

Су тасқыны 26 тамызда мұздықтың опырылуы салдарынан болды. Су, тас, мұз және лай араласқан жойқын ағын елді мекендерді, электр станцияларын, жолдар мен көпірлерді қиратып, Катманду мен Лхаса арасындағы маңызды бағытқа айтарлықтай зиян келтірді.

Көп оқылғандар