Сурет: ті түсірген Жаслан Жумабеков, parlam.kz (архив)
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады. Онда ол ҮЕҰ-ды шетелдік қаржыландыруды бақылаудағы заңнамалық олқылықтар мен мемлекет мүддесін қорғау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Депутат шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы гранттық жобаларға қомақты қаражат бөлетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қаражат есебінен әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылып жатыр және олардың тиімділігіне наразылық жоқ. Алайда, кейде бұл тетік «жұмсақ күштің» құралы ретінде пайдаланылып, қоғамдық келісімді әлсіретуге, отандық құндылықтар мен мемлекеттік мүдделерге қайшы көзқарастарды ілгерілетуге бағытталуы мүмкін.
Жүргізілген заңнамалық талдау бұл бағыттың шектеулі екенін және мемлекет мүддесін тиісті деңгейде қорғай алмайтынын көрсеткен. Депутат төрт негізгі фактіні алға тартты.
Біріншіден, Салық кодексінің 56-бабы 9-тармағына сәйкес, ҮЕҰ шетелдік қаржыландыру туралы ақпаратты тек үш қызмет түрі бойынша ұсынады: заң көмегін көрсету, қоғамдық пікірді зерттеу және ақпаратты жинау, талдау және тарату. Тізімге кірмейтін қызмет түрлері бақылаудан тыс қалып отыр. «Мысалы, мемлекет мүддесіне қайшы келетін жоба жай ғана «қайырымдылық қызмет» ретінде көрсетіліп, қаржыландырыла беруі мүмкін», деді депутат.
Екіншіден, банк құпиясы мен ведомствоаралық байланыстың нашарлығы. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті банк операциялары туралы ақпаратқа қолжетімді емес және ҮЕҰ қызметін тікелей бақыламайды. Шетелдік қаражат қозғалысын бақылау құқығы басқа органдарға берілген, бірақ олардың ақпарат алмасу өкілеттігі жоқ. «Салық органдарының өзекті ақпаратқа тұрақты қолжетімділігі нормативтік тұрғыдан реттелмеген», деді Ж. Амантайұлы.
Үшіншіден, тізілім нақты жағдайды толық көрсетпейді. Салық органдары шетелдік қаржыландыру алатын тұлғалардың тізілімін жүргізіп, жарты жыл сайын жариялайды. 2025 жылдың екінші жартыжылдығы бойынша тізілімге 155 алушы енгізілген, олардың алған қаражаты шамамен 12 млрд теңге.
Төртіншіден, жауапкершілікке тарту күрделі. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 460-1-бабында есепті уақытылы немесе толық ұсынбағаны үшін айыппұлдан қызметті тоқтата тұруға дейінгі жауапкершілік қаралған. Алайда, ҮЕҰ өкілдері есептілік тек үш қызмет түріне қатысты деп, өздерінің «кінәсіздігін» дәлелдейді, бұл бапты қолдануды қиындатады.
Депутат жүргізілген талдау мемлекеттік органдарда ҮЕҰ-дың шетелдік қаржыландырылуы туралы объективті әрі толық ақпараттың жоқтығын, ал жедел ақпарат алмасу банк құпиясымен шектелетінін көрсеткенін айтты. Осыған байланысты ол Үкіметке бірнеше шара ұсынды: Салық кодексінің 56-бабы 9-тармағындағы нақтылаушы ережелерді алып тастау; ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін қайта қарау; мемлекеттік кірістер органдарының қаржылық мониторинг және банк қадағалауы органдарынан өзекті ақпаратты тұрақты негізде алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

