Әлем

Халықаралық физика олимпиадасының жеңімпаздары елге оралды

Сурет: Оқу-ағарту министрлігі

Алматы халықаралық әуежайында 56-шы Халықаралық физика олимпиадасының (IPhO-2026) жеңімпаздарын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жеңімпаздарды күтіп алуға арнайы барды. Министр ұлттық құраманы жоғары деңгейде дайындауға және тарихи нәтижеге қол жеткізуге үлес қосқан педагогтер мен тәлімгерлерге ризашылығын білдірді.

Бес алтын медаль иегері – Нұргүл Егенбергенова, Әмірбек Азатбеков, Ілияс Қазымбек, Роман Черемнов және Дамир Құрман. Олармен бірге ұлттық құраманы дайындау жөніндегі жетекші Гүлия Нұрбақова, команда жетекшілері Самат Мақсұтов пен Әлішер Еркебаев оралды.

Олимпиада 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өтті. Оған әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қазақстан құрамасы алғаш рет 5 алтын медаль жеңіп алды.

Бұл жетістік оқушылардың жоғары дайындық деңгейі мен педагогтердің кәсібилігін көрсетеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зияткерлік әлеуетті нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, дарынды жастарды қолдау және білім беру жүйесін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетті.

Оқу-ағарту министрлігі жеңімпаздарды, олардың тәлімгерлері мен ата-аналарын тарихи жетістікпен құттықтайды. Ұлттық құраманың тарихи жеңісі – барша қазақстандықтар үшін зор мақтаныш әрі жас ұрпаққа шабыт беретін жарқын үлгі, делінген ақпаратта.

Қазақстанда халықаралық олимпиада жеңімпаздарына 6,5 млн теңгеге дейін төленеді. Оқу-ағарту министрлігі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздарына және олардың ұстаздарына берілетін біржолғы сыйақы төлеу тәртібін жаңартты.

Көп оқылғандар