Спорт

Франция мен Англия ӘЧ-2026 қола жүлдесін сарапқа салады

Сурет: Egemen Qazaqstan

19 шілдеге қараған түні футболдан әлем чемпионатының үшінші орын үшін матчы өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Бұл кездесуде Франция мен Англия құрамалары кездеседі. Ойын АҚШ-тың Майами-Гарденс қаласындағы Miami Stadium стадионында Қазақстан уақытымен 02:00-де басталады.

Матчтың тікелей трансляциясын Qazaqstan және Qazsport телеарналары көрсетеді. Екі арнада да эфир 01:50-де басталады. Qazsport арнасында Майамиден арнайы бағдарлама 01:20-да, ал Qazaqstan арнасында әлем чемпионатына арналған шолу 01:30-да эфирге шығады.

Франция жартылай финалда Испаниядан 0:2 есебімен жеңілді. Испаниялықтар ойынды бақылап, Килиан Мбаппе, Усман Дембеле және Майкл Олизенің шабуылда көзге түсуіне жол бермеді. Бұған дейін Дидье Дешамның командасы Швеция, Парагвай және Марокконы жеңген болатын.

Англия жартылай финалда Аргентинадан 1:2 есебімен ұтылды. Томас Тухельдің шәкірттері Энтони Гордонның арқасында есеп ашқанымен, матч соңында екі гол жіберіп алды. Бұған дейін ағылшындар Конго Демократиялық Республикасын, Мексиканы және Норвегияны жарыс жолынан шығарған.

Жеті матч өткізген екі құрама да физикалық және психологиялық тұрғыдан шаршағандықтан, бапкерлер негізгі құрамға өзгерістер енгізіп, аз ойнаған футболшыларға мүмкіндік беруі мүмкін.

Англия құрамасының бас бапкері Томас Тухель: «Менің ойыншыларым да, Франция футболшылары да бұл матчта ойнағысы келмейді. Барлығы финалда ойнауды қалады. Финалға шығу үшін бар күшімізді салдық», деді.

Бұл кездесу Дидье Дешамның Франция құрамасының бас бапкері ретіндегі соңғы ойыны болады. Ол ұлттық құраманы 14 жыл жаттықтырып, 2018 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. 2022 жылғы мундиальдың финалына дейін жеткізді және қатарынан үш әлем чемпионатының жартылай финалына шығарды. Дешам турнирді жеңіспен аяқтауға ниетті екенін айтып, үшінші орын үшін өтетін матчты жолдастық кездесу ретінде қабылдауға болмайтынын жеткізді.

Франция капитаны Килиан Мбаппе үшін де бұл ойын ерекше маңызды. Ол осы әлем чемпионатында 8 гол соғып, «Алтын бутса» жүлдесіне таласып жатыр. Дәл осындай көрсеткіш Аргентина капитаны Лионель Мессиде де бар. Алайда нәтижелі пастар саны бойынша (4:3) әзірге Месси көш бастап тұр. Мбаппе әлем чемпионаттарында жалпы 20 гол соқты. Ол Мессидің рекордын қайталауға небәрі бір гол қалды.

Англия бұған дейін әлем чемпионатының үшінші орны үшін өткен матчтарға екі рет қатысып, екеуінде де жеңілген. 1990 жылы Италиядан 1:2, ал 2018 жылы Бельгиядан 0:2 есебімен ұтылды. Франция мұндай матчтарға үш рет қатысқан. Команда 1958 және 1986 жылдары қола жүлдені иеленсе, 1982 жылы Польшадан жеңілген.

Әлем чемпионаттары аясында Франция мен Англия үш рет кездескен. Англия 1966 және 1982 жылдары жеңіске жетсе, соңғы кездесу 2022 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында өтіп, Франция 2:1 есебімен басым түскен. Сол ойында Англия шабуылшысы Харри Кейн матч соңында пенальтиден мүлт кеткен болатын.

Көп оқылғандар