Қоғам

Ерлан Қарин жаңа орфографиялық сөздікті ұлттық жоба ретінде қарауды ұсынды

Сурет: Ақорда

Вице-президент Ерлан Қарин жаңа Орфографиялық сөздікті ұлттық жоба деңгейінде қарастыру қажет деп санайды. Бұл жөнінде ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, «қыркүйек» пен «қыргүйек» төңірегіндегі дау тіл мамандары мен әдеби ортаға ғана қатысты емес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, әр сөздің жазылуы мен айтылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына тікелей әсер етеді.

«Қыркүйек» пен «қыргүйекке» қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл — тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі — мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені, қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас, — деп жазды Вице-президент.

Ерлан Қарин мемлекеттің қай сөзді қалай жазу керектігіне араласпайтынын, бұл — ғалымдар мен сала мамандарының құзыреті екенін атап өтті. Оның сөзінше, мемлекеттің міндеті — осы бағыттағы жұмысты тиімді үйлестіру.

— Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл — сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз — осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық.

Талқылау қорытындысында жаңа Орфографиялық сөздікті әзірлеу туралы шешім қабылданды. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, сөздік дайындалады, кейін ол Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі.

— Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөздер қосылды. Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа Орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ғалым «қыргүйек», «көгөніс», «шегара» сияқты сөздерде «к» әрпінің өзгертіліп жазылу себебін түсіндірген еді.

Көп оқылғандар