Сурет: Жайық Пресс
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен инвестиция тарту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Орал қаласы мен аудан әкімдері инвестициялық көрсеткіштердің орындалу барысы, жүзеге асырылып жатқан жобалар және қосымша мүмкіндіктер туралы есеп берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
2026 жылы Батыс Қазақстан облысы 1 трлн 51 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Жергілікті атқарушы органдардың жиынтық деректері бойынша, бүгінгі таңда негізгі капиталға салынатын инвестицияның болжамды көлемі 945,4 млрд теңгені құрайды. 2026 жылға белгіленген көрсеткішпен айырмашылық 105,6 млрд теңге.
Жылдық жоспарды орындау үшін облыс әкімі Орал және аудан әкімдеріне 114,8 млрд теңге сомасында қосымша инвестициялық резервтерді іске қосуды және инвесторлармен жұмысты күшейтуді тапсырды. Тиісті мүмкіндіктер болған жағдайда, бұл шаралар белгіленген жылдық көрсеткіштен асыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ әкім инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді күшейтуді, инвесторлармен тұрақты өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді және әрбір жоба бойынша нақты іске асыру мерзімдері мен жауапты тұлғаларды айқындауды тапсырды.
– Инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Биыл біз өзімізге ауқымды міндет қойдық – негізгі капиталға бір триллион теңгеден астам инвестиция тарту. Бұл ретте біз бұл жұмысты облыстың жалпы көрсеткіші бойынша ғана емес, әр аудан мен Орал қаласының нақты нәтижелері бойынша да бағалайтын боламыз. Сондықтан әкімдерге бұл мәселені жеке бақылауда ұстау және жыл соңына дейін инвестиция тартудың қосымша мүмкіндіктерін қарастыру қажет, – деп атап өтті Нариман Төреғалиев.
Кеңесте сондай-ақ жаңа инвесторларды іздеу және жұмыс істеп тұрған жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жандандыру қажеттігі атап өтілді. Инвестициялық бастамаларды іске асыру мерзімдерін сақтауға және туындайтын мәселелерді жедел шешуге ерекше назар аудару тапсырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың басшыларына инвестициялық белсенділікті одан әрі арттыру, инвесторлармен жұмысты күшейту және ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарлы көрсеткішті орындауды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Өңір үшін жақын арадағы негізгі міндет әр аудан мен Оралдың инвестициялық әлеуетін тиімді пайдалану және негізгі капиталға жоспарланған көлемде қаражат салуды қамтамасыз ету болып қала береді.
