Сурет: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы
Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын шығару көлемі былтыр 22,3%-ға ұлғайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сәйкес, аталған саладағы кәсіпорындар мен өндірістер саны 40-қа жетті. Өндіріс құрылымында ауыл шаруашылығы машиналары басым – 72,5%.
2025 жылы елімізде 1 236 астық жинайтын комбайн жасалды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 13,7%-ға жоғары. Комбайн өндірісінің басым бөлігі Ақмола облысына – 47,9%, Қостанай облысына – 32%, Солтүстік Қазақстан облысына – 18% тиесілі.
Өткен жылдың қаңтар-маусым аралығында 9 астық жинайтын комбайн экспортқа жөнелтілді. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16 комбайн шетелге шығарылды.
Астық жинайтын комбайндардың негізгі экспорттық бағыттары – Тәжікстан, Грузия және Өзбекстан. Өндірушілердің мәліметінше, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы техникасының экспорт көлемін одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр.
Мәселен, былтыр Қостанайдағы «АгромашХолдинг KZ» зауыты мен «John Deere» компаниясы құны 2,5 млрд долларға бағаланған стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған болатын. Шартқа сәйкес, Қостанайда 5 жыл ішінде кемінде 3 мың «John Deere» техникасы құрастырылып, ел аумағында 3 сервис орталығы ашылады. Сонымен қатар мамандарды оқыту жүйесі де қолға алынбақ.
