Сурет: gov.kz
Астана қаласындағы №29 орта мектепте «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында педагогтерге арналған «Ұстаздар ұясы» кабинеті ашылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа кеңістік ұстаздардың рухани демалып, кітап оқып, ақын-жазушылардың шығармаларын талқылауына арналған. Мұнда педагогтер күнделікті қарбаластан бір сәт тынығып, ұлттық құндылықтармен сусындай алады.
Мектеп директоры Айжан Маметханқызының айтуынша, цифрлық білім беру дәуірінде ұлттық руханият пен дәстүрлі құндылықтарды сақтау маңызды.
«Қазіргі таңда цифрлық білім беруді терең меңгеріп жатырмыз. Алайда ұлттық тамырымыз бен рухани құндылықтарымыздан алыстамауымыз керек. Бұл кабинетте ұстаздар компьютер мен ұялы телефоннан бір сәт қол үзіп, оюлы текемет үстінде кітап оқып, асық ойнап, рухани тыныға алады», – дейді мектеп басшысы.
Алдағы уақытта «Ұстаздар ұясы» кабинеті педагогтердің рухани дамуына, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жұмыстардың тұрақты алаңына айналмақ.
