Categories Жайық news

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ КЕМЕ КАСПИЙГЕ АТТАНДЫ

Оралда Отан қорғаушы күніне орай еліміздегі ең ірі кеме суға түсірілді. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, Президент тапсырмасы бойынша ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысы аясында жүзеге асырылған маңызды жобаның сәтті аяқталуымен құттықтады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бүгін «Зенит» зауыты ұжымының кәсіби шеберлігі мен адал еңбегінің арқасында еліміздегі ең ірі кемені суға түсіріп отырмыз. Корабльге мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Экипаж қорғаныс әлеуетін күшейтуде қалтқысыз қызмет етеді деп сенемін, сәттілік тілеймін!, — деді Нариман Төреғалиев.

Зауыт жасап шығарған 37-інші су көлігінің салмағы – 720 тонна. Жүк тасымалдауға арналған трюмнің көлемі – 30 текше метр. «Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Виталий Каплуновтың айтуынша, кеменің жылдамдығы 16 түйінге дейін жетеді. Ұзындығы – 51 метр, ені – 9,5 метр. 8 балдық дауылға шыдас береді. Жобаны жүзеге асыруға зауыт жұмысшылары түгел атсалысты.

Көпфункционалды кеме ҚР әскери теңіз күштерінің кемелері мен катерлерін дизельдік отын, ауызсу, азық-түлік және өзге де материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге бағытталған. Жеке құрам отыз шақты адамнан тұрады. Экипаж үшін қолайлы жағдай жасалған.

Су көлігі теңізге шыққанға дейін көпір астынан өтуге тура келеді. Сондықтан алып кеменің діңгегі Ақтау айлағында орнатылады.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жазбалар

Астанада едені тесік автобус жүргізушісі жолаушылар тасымалдаған

Астана тұрғыны жолаушылар автобусының еденіндегі тесікті байқап, бейнежазбаны Threads әлеуметтік желісінде жариялады.

БҚО-да «Ұлы өнердің ұлы арнасы» атты республикалық байқау өтті.

Қасиетті домбыраның үнімен дүйім жұртты тәнті еткен республикалық домбырашылар байқауының күй астанасы ауданымызда өткені мерейімізді…

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ: BATYS AGROHUB ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ – БАРЛЫҚ АУДАНҒА ҮЛГІ БОЛАРЛЫҚ БЕРЕКЕЛІ БАСТАМА

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданына жұмыс сапары аясында Пугачево ауылындағы агробизнес орталығына барды. Batys…