Сурет: istockphoto.com
Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеуге сәйкес, ел тұрғындарының 79,3 пайызы Қазақстандағы жағдайды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сауалнамаға қатысқандардың 72,9 пайызы елдегі экономикалық жағдайға оң баға берген. Ал тұрғындардың 83,6 пайызы өз өміріне қанағаттанатынын айтқан.
Отбасылық табысқа қатысты да оң бағалар басым. Респонденттердің 69,1 пайызы отбасының кірісі сақталғанын немесе өскенін айтқан. Ал 49,5 пайызы соңғы бір жылда өзінің және отбасының жағдайы жақсарғанын атап өткен.
Оң өзгерістерді жастар жиірек байқаған. 18-28 жастағы респонденттердің 57,7 пайызы өткен жылмен салыстырғанда өмірі жақсарғанын айтса, 29-45 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 50,6 пайызды құраған.
Алдағы жылға қатысты респонденттердің 56,6 пайызы өздері мен отбасының қазіргіге қарағанда жақсы өмір сүретініне сенім білдірген. Бұл ретте ауыл тұрғындарының оптимистік көңіл күйі жоғары екені байқалған. Ауыл тұрғындарының 61,9 пайызы келер күнге сенім білдірсе, қала тұрғындары арасында бұл көрсеткіш 53,4 пайыз болған.
Айта кетейік, зерттеу 31 шілде мен 16 тамыз аралығында жүргізілген. Сауалнамаға Қазақстанның ересек тұрғындарын қамтитын ұлттық іріктеу бойынша 2 400 адам қатысқан.
Бұған дейін институттың зерттеуі бойынша ел тұрғындарының 78,2 пайызы өз өңіріндегі мектептердің қолжетімділігіне оң баға берген.
