Categories Ақорда

Президент мемлекеттік наградалар тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Шырдабаевқа «Отан» орденін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тоқпановқа I дәрежелі «Барыс» орденін салтанатты түрде табыстады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

Іс-шарада сөйлеген сөзінде Президент халқымыз Равиль Шырдабаевты егемендік жылдарынан бастап елдік істерге белсене қатысқан әрі мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан азамат деп айрықша құрметтейтінін айтты.

— Әсіресе, мұнай-газ саласын өркендетуге мол еңбек сіңірдіңіз. Сіздің бастамаңызбен бұл сала жаңа кезеңге қадам басты деуге болады. Министр, облыс әкімі, депутат ретінде ұлт мүддесіне адал қызмет еттіңіз. Дипломатия саласында жұмыс істеп, еліміздің халықаралық беделін нығайтуға атсалыстыңыз. Сондай-ақ сіз — мұнай өндірісіне арналған бірнеше ғылыми еңбектің авторысыз. Халқымыз «Еңбегімен ер сыйлы» деген. Сіздің ерен еңбегіңіз — өскелең буын үшін үлгі-өнеге, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент білікті дәрігер, «алтын қолды хирург» ретінде Серік Тоқпановтың саналы ғұмырын ұлт саулығы үшін еңбек етуге арнағанына тоқталды.

— Денсаулық сақтау жүйесінде елу жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келесіз. Дәрігер болу — мамандыққа адал болу деген сөз. Бұл — жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Сіз еңбек жолыңызда аса күрделі оталар жасап, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалдыңыз. Нағыз жанашыр дәрігер болдыңыз. Қазақстанның медицина ғылымын дамытуға орасан зор үлес қостыңыз. Сіздерге берілетін бүгінгі жоғары мемлекеттік марапат — ел игілігі үшін жасалған табанды еңбектің лайықты жемісі. Бұл — жұртымыздың шынайы ықыласы және зор алғысы, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Равиль Шырдабаев пен Серік Тоқпанов жоғары мемлекеттік марапаттарға лайық көргені үшін Президентке алғыс айтты.

 

Ұқсас жазбалар

Алматы облысында су қоймалары мен Үлкен Алматы каналы жаңғыртылады

Алматы облысында ірі су қоймаларын жаңғырту және Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын кешенді қайта…

«Таза Қазақстан»: Экологиялық талапты бұзған 102 әкім жауапкершілікке тартылды

Ішкі істер министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел қызмет қорытындысы…

Премьер-министр мұнай өнімдерінің заңсыз әкетілуіне қарсы шаралар туралы есеп тыңдады

Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өнімдерінің заңсыз ағынына қарсы шаралар туралы есеп тыңдады. Ішкі істер министрі…