Қоғам

Діни экстремизм жамылған 22 қылмыстық топтың жолы кесілді

Сурет: Видеодан скрин

Ішкі істер органдары діни-экстремистік ұрандарды жамылған 22 қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Олардың қатарында болған 64 адам ұсталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бопсалау, тонау, алаяқтық және есірткі сату – осы топтардың негізгі кәсібі. Олар радикалды діни идеяларды зорлық-зомбылық пен өзге сенімдегілердің мүлкіне қол сұғуды ақтау үшін пайдаланған. Қылмыс жасау үшін атыс қаруын да сақтаған.

Мұндай ұйымдар елдің бірнеше өңірінде – Алматы қаласында, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен.

Алматыда радикалды діни көзқарастағы төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңгені ұрлаған. Сот оларды 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырды.

Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанған әйел алаяқтықтың төрт эпизодын жасады. Жалпы залал 2 млн теңгеден асты, ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Павлодарда радикалды діни көзқарастағы жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизодын жасап, 8 млн теңгеден астам залал келтірді. Сот оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жалпы, діни экстремизм идеяларын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық сипатындағы 155 қылмыстың беті ашылды. Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, 3 суық қару, 7 граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді.

Полиция экстремистік және террористік қылмыстарды, соның ішінде интернетте радикалды идеологияны таратуды анықтап, жолын кесуде.

Ақтөбеде қала тұрғыны әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерін қорлап, діни араздықты жария түрде қоздырды. Ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Ақтөбедегі тағы бір оқиғада зорлық-зомбылық акцияларын жоспарлаған радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталып, терроризмді насихаттағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Түркістан облысында радикалды діни идеологияны ұстанған адам интернетте халықаралық террористік ұйым – «Өзбекстан ислам қозғалысының» идеяларын белсенді түрде таратқаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Діни сенімдер қылмысты, зорлық-зомбылықты және араздықты қоздыруды ақтау үшін негіз бола алмайды.

Айта кетейік, мектеп формасына қатысты діни алауыздық тудырған қарағандылық мұғалім жұмысынан кетті.

Көп оқылғандар