Жайық news

БҚО-да мас жүргізуші екі әйелді қағып, бірі қаза тапты

Сурет: видеодан кадр

Батыс Қазақстан облысы Круглоозерное ауылында 8 қыркүйекте түнгі сағат 23:00 шамасында Lada Priora көлігінің жүргізушісі екі адамды қағып, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Зардап шеккендердің бірі ауыр жарақаттан сол жерде қаза тапты, екіншісі ауруханаға жатқызылды. Кейін белгілі болғандай, қаза тапқан адам 31 жастағы әйел, ал ауруханаға жеткізілген оның анасы.

Жүргізуші ұсталып, қамауға алынды. Сараптама оның мас болғанын анықтады. Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті тергеліп жатыр. Тергеу БҚО полиция департаменті басшылығының бақылауында.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы екінші зардап шеккен әйелдің жағдайы туралы ақпаратты кейінірек беретінін хабарлады.

Бұған дейін Ақмола облысында да қайғылы жағдай болды. Макинск қаласында көлік жүргізушісі 8 жастағы қызды анасының көз алдында қағып кеткен. Мектеп оқушысы алған жарақатынан көз жұмды.

Көп оқылғандар