Жайық news

БҚО-да 107 тонна өнімнің заңсыз әкелінуі тоқтатылды

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» ветеринарлық бақылау бекетінде 107 тонна бақыланатын өнімнің заңсыз әкелінуі мен транзитіне жол берілмеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясы қызметкерлері мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторлармен бірлесіп, ветеринарлық заңнаманың екі бұзушылығын анықтады.

Бірінші жағдайда Чечен Республикасынан Түркістан облысы мен Шымкент қаласына 88 тонна бидай кебектерінің әкелінуіне жол берілмеді. Тексеру барысында ветеринарлық ілеспе құжаттардың, таңбалаудың және қажетті термиялық өңдеудің жоқтығы анықталды.

Екінші жағдайда Беларусь Республикасының Минск облысынан Ташкентке 19 тонна сүйексіз сиыр еті мен ет жартылай фабрикаттарының транзиті тоқтатылды. Эпизоотиялық ахуалдың нашарлауына байланысты 2026 жылғы 24 ақпаннан бастап ҚР АШМ Ресей Федерациясының жекелеген облыстары арқылы тиісті өнімді әкелуге және транзиттеуге уақытша шектеулер енгізді.

Жалпы салмағы 107 тонна өнім жөнелту пункттеріне қайтарылды. Тасымалдаушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Сондай-ақ ЕАЭО-ның ветеринарлық-санитарлық талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жыл басынан бері «Сырым» бекетінде 230 бұзушылық анықталып, 230 автокөлік қайтарылды, жалпы сомасы 8,9 млн теңгеге 100 әкімшілік хаттама жасалды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды белгіленген ветеринарлық-санитарлық талаптар мен ілеспе құжаттарды ресімдеу ережелерін сақтауға шақырады.

Көп оқылғандар