Сурет: Жайық Пресс
Бөрлі ауданының тағы 15 тұрғыны «Batys AgroHub» жобасы аясында жылыжай шаруашылығын дамытуға гранттық қолдау алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Осылайша, жобаның көмегімен жылыжай бизнесінде алғашқы қадам жасаған фермерлер саны 40-қа жетті. Кейбірі үшін бұл — нөлден өз ісін бастау мүмкіндігі, ал басқалары үшін — қолданыстағы шаруашылығын кеңейтіп, көкөніс өсіру арқылы тұрақты табыс табу.
Грантқа жол оқудан басталды. Шілде айында Бөрлі ауданының 50 тұрғыны агрономия және жылыжай шаруашылығы негіздеріне арналған арнайы курс өтті. Қатысушылар көкөніс өсіруді ғана емес, сонымен қатар болашақ шаруашылықтың экономикасын есептеуді үйренді: бизнес-жоспар құру, болжамды шығындар мен кірістерді анықтау, тәуекелдерді бағалау және одан әрі дамуды жоспарлау. Оқу аяқталғаннан кейін әр қатысушы өз жобасын дайындап, оны сараптамалық комиссияға ұсынды. Іріктеу кезінде комиссия бизнес-идеяның өміршеңдігін, қаржылық есептеулердің негізділігін, қатысушының мотивациясын және шаруашылықты өз бетінше дамытуға дайындығын ескерді. Жеңімпаздар қатарында Ақсай қаласының, сондай-ақ Бөрлі, Ақсу, Қызылтал және Приуральное ауылдарының тұрғындары бар.
Грант алу — жұмыстың басы ғана. Келесі кезеңдерде жаңа қатысушыларды жоба мамандары сүйемелдейтін болады. Агрономдар мен кеңесшілер фермерлерге маусымға дайындалуға, көкөніс өсіруді дұрыс ұйымдастыруға, сондай-ақ маркетинг және бухгалтерлік есеп мәселелерін түсінуге көмектеседі.
«Batys AgroHub» жобасы Бөрлі ауданында 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты — оқыту, фермерлерді сүйемелдеу және жылыжай салуға гранттық қолдау арқылы ауданда жылыжай шаруашылығын дамыту. Жобаны Орталық Азия Еуразия қоры КПО б.в. консорциумының акционерлері — «Шелл Қазақстан» және «Эни» компанияларының қаржылық қолдауымен жүзеге асырады.
Жобаны іске асыру барысында алғашқы нәтижелер пайда болды. Бірінші және екінші ағындағы фермерлер көкөніс өсіруді жалғастырып, өнімдерін Ақсай базарында «Бөрлі Агро Өнім» бірыңғай брендімен сатады. Жергілікті шаруашылықтардың өнімін бір атаумен біріктіру оны сатып алушыларға танымал етеді және ілгерілетуге ықпал етеді.
Жобаның маңызды элементі — Пугачево ауылында ашылған Агробизнес-орталық. Мұнда фермерлер мамандардан кеңес ала алады, оқудан өте алады, заманауи агротехнологиялармен таныса алады және тәжірибе алмаса алады.
Енді қолданыстағы шаруашылықтарға тағы 15 қатысушы қосылады. Оларды жылыжай салу, алғашқы маусымға дайындық, алғашқы отырғызу және, әрине, алғашқы өнім күтіп тұр.
