Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада полиция қызметкерлері синтетикалық есірткіні жеткізу арнасын анықтап, оның жолын кесті. Қалаға кіреберісте Hyundai көлігінің 30 жастағы жүргізушісі есірткі сақтау және өткізу күдігімен ұсталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Көлікті тінту кезінде ұнтақ тәрізді зат салынған капсула табылып, оның мефедрон екені анықталды. Күдікті тағы екі жасырын орынды көрсетіп, сол жерлерден қосымша есірткі партиялары тәркіленді. Тәркіленген мефедронның жалпы салмағы шамамен жарты келіні құрады.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында оның елорда тұрғыны екені және есірткіні ірі партиялармен жеткізіп, қала мен өңірлерде таратқаны анықталды.
Полиция есірткінің заңсыз айналымы ауыр қылмыс екенін және қатаң жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Мұндай әрекеттерге қарсы күрес тұрақты жүргізіледі.

