Сурет: Egemen Qazaqstan
Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратураның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Отырыста қадағалау органының басшысы прокуратура қызметінің басты назарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бағытын іске асыру тұрғанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта елімізде ауқымды реформалар жүргізілуде. Жаңа Конституция адам құқықтарының кепілдіктерін едәуір күшейтіп, оларды қорғау тетіктерін кеңейтті. Прокуратура конституциялық реформалардың негізгі мақсаттарына қол жеткізуге өз үлесін қосуы тиіс. Біздің міндетіміз – Конституцияның әрбір нормасының азаматтардың өмірінде нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету және заңның бүкіл қоғам үшін бұлжымас құндылық болып қалуына ықпал ету», деді Берік Асылов.
Есепті кезеңде қызметтің негізгі бағыттарының көпшілігде оң серпін байқалды. «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және цифрлық трансформацияны дамыту бойынша кешенді шаралар қабылданды.
Құқықтық тәртіптің жақсаруына құқық қорғау органдары қызметін үйлестірудің күшеюі, құқықбұзушылықтардың алдын алу және цифрлық технологияларды енгізу ықпал етті. Қылмыстық құқық бұзушылықтар деңгейі 10%-ға (ауыр және аса ауыр қылмыстарды қоса), ал алаяқтық қылмыстар саны 13%-ға азайды.
Прокуратура органдары құқық қорғау органдарымен және қаржы институттарымен бірлесіп, есірткі трафигінің интернет-инфрақұрылымын жою бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Прокурорлардың шаралары нәтижесінде 2025 жылдан бері 530 мың «дропперлік» шот бұғатталып, 2,6 млрд теңге көлеміндегі есірткіден түскен заңсыз кірістерге тосқауыл қойылды, сондай-ақ 10 мың сайттың қызметі тоқтатылды.
Берік Асылов қылмыстың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстардың, алаяқтық пен есірткі саудасының жолын кесу жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету қоғам өмірінің барлық негізгі салаларын қамтыды. Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауға, бас бостандығынан айыру орындарында заңдылықтың сақталуына, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге, еңбек құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылды. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 2,1 млрд теңге жалақы берешегі өтеліп, 168 мың жұмыскердің құқықтары қалпына келтірілді. Мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамның оңалту құралдарын алу және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қол жеткізу құқықтары қорғалды.
Кәмелетке толмағандардың, оның ішінде білім алу, тұрғын үймен және медициналық қамтамасыз ету құқықтарының сақталуы прокурорлардың тұрақты бақылауында. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 10 мыңнан астам жасөспірімнің жоспарлы ауруханаға жатқызылу және тегін тамақтану құқықтары қорғалды, 2 мыңнан астам жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, тұрғын үй кезегіндегі құқықтары қалпына келтірілді. Осы салада 2,9 мың лауазымды тұлға әртүрлі жауаптылыққа тартылды.

