Басты тақырып

Тоқаев: Қазақстан мен Корея университеттері 230-дан аса келісім жасасты

Сурет: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея кәсіпкерлерімен кездесуінде адами капиталды дамытудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы екі елдің университеттері арасында 230-нан астам келісімге қол қойылып, академиялық байланыстар кеңейгенін айтты. Сонымен қатар ол денсаулық сақтау саласында инвестициялық серіктестік үшін мол мүмкіндік бар деп есептейді. Кездесуде медициналық инфрақұрылым, фармацевтика, биотехнология және медициналық құрылғылар өндірісі басым бағыттар ретінде белгіленді.

Тоқаев Кореяның бірнеше ондаған жыл бұрын экономиканың негізгі салалары бойынша әлемде көш бастап, серпіліс жасағанын атап өтті.

«Қазір Қазақстан түбегейлі экономикалық жаңғыру кезеңіне қадам басты. Жаңа салаларды, технологияны, зерттеу әлеуеті мен адам капиталын дамытуға күш салып жатырмыз. Бүгінгі кездесу және қол қойылған келісімдер анағұрлым ауқымды серіктестікке тың серпін береді деп сенемін. Корея бизнесін Қазақстанға белсенді инвестиция құюға шақырамын. Қазақстан Үкіметі Корея кәсіпкерлерінің еліміздегі әрбір пайдалы бастамасына жан-жақты қолдау көрсетеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Сон Сук, Қазақстан-Корея Іскерлік кеңесінің тең төрағалары Юн Джин Шик пен Нұрлан Жақыпов, Samsung Electronics компаниясының атқарушы вице-президенті Джо Сонг Чжэ, Shinhan Financial Group төрағасы Чжин Ок-Дон, CONTEC Co Ltd компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Ли Сунг Хи, сондай-ақ Кореяның геологиялық және минералды ресурстар институтының (KIGAM) президенті Квон И Кюн сөз сөйледі.

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында сөз сөйлеп, екі ел қарым-қатынасын ілгерілететін басым бағыттарды атағанын еске саламыз.

Көп оқылғандар