Басты тақырып

Тоқаев Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасын қабылдауды ұсынды

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент Орталық Азия елдері мен Корея арасында тарихи тамыры терең достық байланыстар қалыптасқанын атап өтті.

«Елдеріміздің арасында тарихтан тамыр тартатын бауырластық байланыстар қалыптасқан. Бұл ретте өңірдегі мемлекеттер халқымен біте қайнасып кеткен корё-сарам қауымы айрықша рөл атқарады. Корей диаспорасы Орталық Азия мен Корея арасындағы достыққа дәнекер болып отыр. Қазақстан елімізде пана тауып, өсіп-өнген корей халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтауына ерекше қамқорлық көрсетті. Келесі жылы корейлердің Орталық Азияға жер аударылғанына 90 жыл толады. Осыған орай тарихи уақиғаға арналған іс-шара ұйымдастыруды ұсынамын. Жастардың өзара байланысын, білім және мәдениет саласындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасын қабылдау қажет деп санаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саммитте Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Еске сала кетейік, Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне қатысты. Сондай-ақ Президент Кореядағы қазақ этноауылына барып, Қазақстан азаматтарымен кездесті.

Көп оқылғандар