Categories Қаржы

Екібастұзда деректер орталығының құрылысы басталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтары алқабын салу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта учаске қоршалып, аумақты жоспарлау және жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты толығымен 2033 жылға дейін аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Өңірлік әкімдіктің мәліметінше, жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. 2027 жылдың бірінші жартысының соңына дейін инженерлік инфрақұрылымды тартып, қуаттылығы 125 МВт болатын алғашқы деректерді өңдеу орталығын салу көзделген. 2029–2033 жылдар аралығында келесі нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Барлық кезең аяқталғаннан кейін кластердің жалпы қуаты 1 ГВт-қа жетіп, онда заманауи 10 деректерді өңдеу орталығы орналасады.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Осы арқылы әлемдік жетекші гиперскейлерлердің қатысуымен Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлық кластерлердің бірін құру көзделіп отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін 177 гектар жер телімі бөлінді. Оның ішінде 124,4 гектар алғашқы кезеңдегі нысандарды салуға арналған. Сонымен қатар МАЭС-1 стансасы аумағында цифрлық кластерді одан әрі кеңейту мақсатында жалпы көлемі шамамен 1300 гектар болатын қосымша жер учаскелері резервке қойылды, – деп мәлімдеді әкімдіктен.

Қ.Сәтбаев атындағы каналдан су алу нүктесі анықталып, сумен жабдықтау нысандарының жобалау жұмыстары жүргізілуде. Кешеннің шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін тәуліктік су тұтыну көлемі 2300 текше метрді құрайды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажетті су көлемі қарастырылған.

Жобаның алғашқы кезеңін электрмен жабдықтау үшін қуаттылығы 215 МВт болатын қолданыстағы қосалқы станса пайдаланылады. Бұл салынып жатқан деректерді өңдеу орталығының қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта алаңда дайындық жұмыстары басталған. Аумақты жоспарлау, жер жұмыстары жүргізілуде және қоршау орнатылды.

«Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» құру еліміздің цифрлық экономикасын дамытудағы маңызды қадам болады. Жоба халықаралық деңгейдегі заманауи цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға, ірі технологиялық серіктестерді тартуға, еліміздің цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – барлық қажетті инфрақұрылымды уақытылы дайындап, туындайтын мәселелерді жедел шешу, – деп атап өтті Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Жобаны іске асыру кезеңінде 1500-ден астам уақытша жұмыс орны және нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 250-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Нысан елдегі цифрлық экономикасын дамыту мен өңірге жоғары технологиялық инвестициялар тартудың негізгі драйверлерінің біріне айналмақ.

Ұқсас жазбалар

Ұлттық банк зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінің өсу себебін түсіндірді

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінің көтерілу себебін түсіндірді.

Stadler вагондары Қазақстанға 2026 жылдың маусымында жеткізілуі мүмкін

Stadler вагондары Қазақстанға 2026 жылдың маусымында жеткізілуі мүмкін. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Айдар…

Жалған схемамен алынған декреттік төлемдер мемлекетке қайтарылады

Қазақстанда заңсыз схемалар арқылы декреттік төлем алған әйелдер қаражатты қайтаруға міндеттеледі. Бұл туралы Еңбек және…