Categories Саясат

Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған боксты дамыту тұжырымдамасын бекітті

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында 2026–2030 жылдарға арналған боксты дамыту тұжырымдамасын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Елімізде бокстың дамуы сапалы жаңа деңгейге көтерілуде. Сала үшін стратегиялық маңызы бар құжаттың негізгі мақсаты – бокспен шұғылданатын азаматтар санын көбейту, спортшылар даярлау сапасын және қазақстандық боксшылардың халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Тұжырымдама негізгі 6 бөлімді және саланы дамытудың барлық бағытын қамтиды. Олардың ішінде келесі 5 басым бағыт бар:
•бокс инфрақұрылымын дамыту;
•бұқаралық спортты кеңейту және спорт резервін қалыптастыру;
•ғылыми-әдістемелік және медициналық сүйемелдеу ісін жетілдіру;
•жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру;
•халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби боксты дамыту.

Қойылған міндеттерді жүзеге асыру тетігі 31 іс-шараны қамтитын бекітілген кешенді жоспардан тұрады. Бұл шаралар саланың өзекті міндеттерін жүйелі түрде шешуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған.

Бүгінгі таңда Қазақстанда бокспен 153 мыңнан астам адам айналысады, олармен еліміздің барлық 20 өңірінде 2 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді.

Ұлттық құрамада 595 спортшы бар, олар – негізгі, жастар, балалар және жасөспірімдер командалары.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 39 мыңнан астам бала балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде бокспен айналысуда, оларды 1 385 бапкер баулуда.

2030 жылға қарай бокспен айналысатындардың санын көбейту, дайындық жүйесінің тиімділігін арттыру және қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі позициясын нығайту жоспарлануда.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру саланың жүйелі дамуына жаңа серпін бермек және отандық спортты дамытуда, жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауда, сондай-ақ халықаралық аренада елдің имиджін нығайтуда маңызды қадам болмақ.

Ұқсас жазбалар

Ермек Көшербаев Иран көшбасшысымен қоштасу рәсіміне қатысты

Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеймен қоштасу рәсіміне қатысты.

Орталық сайлау комиссиясы саяси партияларға арналған семинар өткізді

Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында саяси партия…

Бизнестің ұсыныстары «Әділет» партиясы өнеркәсіптік саясатының өзегіне айналады

Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерге қолдау…