Categories Қоғам

Астанада Қазақ ұлттық спорт университетінің ашылу салтанаты өтті

Сурет: Қазақ ұлттық университеті

Астанада Орталық Азиядағы спорт ғылымы мен жоғары білікті мамандар даярлау бағытындағы ең ірі білім беру жобаларының бірі – Қазақ ұлттық спорт университетінің ресми ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты іс-шара New Era of Sport: KNUS 2026 халықаралық форумы аясында ұйымдастырылды. Университетті соңғы бес жыл бойы жүйелі түрде жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңінің аяқталғанын білдіретін маңызды оқиға жаңа кампустың ашылуы болды. Осы уақыт ішінде оқу орны халықаралық әріптестігін кеңейтіп, ғылыми әлеуетін нығайтып, жоғары жетістіктер спорты, бұқаралық спорт және спорт индустриясы үшін мамандар даярлайтын заманауи білім беру экожүйесін қалыптастырды.

Қазақ ұлттық спорт университетінің құрылтайшысы Нұрасыл Медеу жаңа кампустың ашылуы Қазақстанда спорт саласына арналған заманауи білім беру және ғылыми платформаны қалыптастыру жолындағы бес жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, университет уақыт талабына жауап беретін білім ордасы ретінде құрылып, бүгінде халықаралық деңгейде ел намысын қорғай алатын жаттықтырушыларды, ғалымдарды, спорт дәрігерлерін, педагогтер мен спорт менеджерлерін даярлайтын маңызды орталыққа айналып келеді.

«Бес жылдың ішінде университет білімге ұмтылыс, талант пен еңбек тоғысқан үлкен орталыққа айналды. Бүгін біз берік іргетас қалағанымызды мақтанышпен айта аламыз. Алдымызда бұдан да ауқымды жетістіктер, халықаралық мойындалу, ғылым мен спорттағы жаңа жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін. Қазақ ұлттық спорт университеті озық білім мен инновацияның, болашақ чемпиондар мен ел көшбасшыларын тәрбиелейтін маңызды орталыққа айналады», деді университеттің құрылтайшысы Нұрасыл Медеу.

Іс-шара барысында Біріккен күрес әлемі ұйымының (UWW) президенті Ненад Лалович Қазақстанның әлемдік күрес спортының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, халықаралық талаптарға сай спортшыларды, жаттықтырушыларды және спорт менеджерлерін даярлайтын заманауи білім беру базасының маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде Халықаралық киберспорт федерациясының (IESF) президенті Влад Маринеску ұлттық спорт университетінің ашылуы дәстүрлі спорттың, цифрлық технологиялардың және инновациялық білім берудің тоғысуына негізделген жаһандық үрдістің айқын көрінісі екенін айтты. Оның сөзінше, бүгінгі таңда киберспорттың дамуы мықты ғылыми және академиялық негізсіз мүмкін емес, ал Қазақ ұлттық спорт университетімен әріптестік болашақ мамандарды даярлауда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Салтанатты рәсім аясында Біріккен күрес әлемі ұйымының (UWW) президенті Ненад Лаловичке және Халықаралық киберспорт федерациясының (IESF) президенті Влад Маринескуға «Қазақ ұлттық спорт университетінің Құрметті профессоры» атағы табысталды. Сонымен қатар студенттердің академиялық адалдықты, әділ бәсекелестікті, өзара құрмет пен спорттық этиканы ұстануға деген ұмтылысын білдіретін Студенттер хартиясына қол қою рәсімі өтті.

Форум қонақтарына университеттің инновациялық ғылыми зертханалары, ғылыми-зерттеу орталықтары мен білім беру хабтары таныстырылды. Делегациялар цифрлық инфрақұрылыммен, заманауи спорт нысандарымен, ғылыми жабдықтармен және спортшыларды даярлауға, ғылыми зерттеулер жүргізуге әрі халықаралық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған кеңістіктермен танысты.

Бүгінде Қазақ ұлттық спорт университеті тек білім беру мекемесі ғана емес, сонымен қатар жаңа буын мамандарын даярлайтын, спорт ғылымын дамытатын, инновацияларды енгізетін және әлемнің жетекші спорт ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын халықаралық орталық ретінде қалыптасып келеді. Бұл бағыт Қазақстанның жаһандық спорт кеңістігіндегі беделін арттырып, халықаралық үздік тәжірибелерге негізделген заманауи спорттық білім беру жүйесін дамытуға мүмкіндік береді.

Ұқсас жазбалар

Количество легковых электромобилей в Казахстане продолжает уверенно расти

По состоянию на 1 июня 2026 года в Казахстане зарегистрировано 24 634 легковых электромобиля. За…

Қазақстанда жеңіл электромобильдер саны тұрақты өсіп келеді

2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 24 634 жеңіл электромобиль тіркелген. Соңғы 12 айда…

Инициатива Президента «Таза Қазақстан» реализуется как ключевой принцип, заложенный в Конституции — Олжас Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов провел заседание Совета по переходу к «зеленой экономике» при Президенте Республики Казахстан.…