Categories Саясат

Астанада ТМД елдері қарулы күштері штаб бастықтарының отырысы өтті

Сурет: Қорғаныс министрлігі

Астанада ТМД елдері қарулы күштері штаб бастықтары комитетінің кезекті отырысы болып өтті. Жиынға Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан әскери ведомстволарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Пленарлық отырыс алдында әскери делегациялар басшылары екіжақты кездесулер өткізіп, «Отан қорғаушылар» алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Отырыс барысында қатысушылар әлемдегі және Орталық Азия өңіріндегі әскери-саяси ахуалды, көпжақты әскери ынтымақтастықты дамыту және ТМД елдерінің қарулы күштері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Қазақстан армиясын дамыту тәжірибесі мен әскердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер туралы айтты.

Кездесу барысында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамыту, әскери авиация ұшуларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары технологиялық қару-жарақ пен әскери техниканы қолданудың заманауи тәжірибесі қарастырылды.

Бұдан бөлек, әскери зымырандар мен артиллерияны жауынгерлік қолдану және аумақтарды минадан тазарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Әскери саладағы ынтымақтастығымыздың деңгейі тұрақты түрде кеңейіп келеді. Бұл ұлттық қарулы күштердің әлеуетін нығайтуға және ТМД мемлекеттерінің қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге ықпал етеді», деді генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров.

Кездесу қорытындысында ТМД елдері қорғаныс министрлері кеңесінің хатшысы генерал-лейтенант Юрий Дашкин әскери ынтымақтастықтың өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.

Іс-шара соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған құжаттарға қол қойды.

Ұқсас жазбалар

Бизнестің ұсыныстары «Әділет» партиясы өнеркәсіптік саясатының өзегіне айналады

Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерге қолдау…

Инициатива Президента «Таза Қазақстан» реализуется как ключевой принцип, заложенный в Конституции — Олжас Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов провел заседание Совета по переходу к «зеленой экономике» при Президенте Республики Казахстан.…

Қазақстан партиялары Құрылтай сайлауына дайын екенін мәлімдеді

Қазақстанның саяси партиялары Құрылтай сайлауына толық дайын екенін мәлімдеп, 2026 жылғы 23 тамызда өтетін сайлауға…