Categories Жайық news

Бір палаталы Парламент пен вице-президент: Қазақстан жаңа Конституцияны референдум арқылы қабылдайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2026 жылдың 15 наурызында жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтетіні белгілі болды. Бұл реформа елдің саяси жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуді көздейді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Конституциялық реформаға Президенттің бір палаталы Парламент құру және саяси жүйені жаңғырту туралы бастамасы негіз болды. Жобаны әзірлеуге 130 адамнан құралған Конституциялық комиссия мен арнайы жұмыс тобы атсалысты. Құжатты талқылау кезінде азаматтардан eGov және e-Otinish порталдары арқылы 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.

Жаңа Конституция жобасында бірнеше маңызды өзгеріс қарастырылған. Ең бастысы — Парламентті реформалау. Екі палатаның орнына 145 депутаттан тұратын, кеңейтілген өкілеттігі бар бір палаталы Парламент — Құрылтай құрылады. Депутаттар пропорционалды сайлау жүйесі арқылы сайланады.

Сонымен қатар, елде жаңа институттар пайда болады. Атап айтқанда, вице-президент лауазымы енгізіліп, ұлттық диалог алаңы ретінде Қазақстан Халық Кеңесі құрылмақ.

Жаңа құжатта адам құқығы мен бостандығына басты назар аударылған. Елімізде алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау және адвокатура институты туралы нормалар конституциялық деңгейде бекітілмек. Бұдан бөлек, некенің ерікті және тең құқықты ер мен әйелдің одағы екені, сондай-ақ білім мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты нақтыланды.

Мемлекеттік негіздер де жаңартылды. «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты конституциялық мәртебеге ие болды. Биліктің бірден-бір бастауы — халық екені айқын жазылды. Комиссия отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуі жобаның ашық жағдайда дайындалғанын көрсетеді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

БҚО-да қызметтік міндетін атқару кезінде екі полицей жол апатынан қаза тапты

Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық полиция бөлімінің екі қызметкері қызметтік міндетін атқару кезінде жол апатынан…

Байқоңыр тұрғыны үш жасар ұлына санавиация жіберуді сұрайды

Байқоңыр тұрғыны үш жасар ұлын санитарлық авиациямен тасымалдауға көмек сұрап, үндеу жариялады. Бала бесінші қабаттан…

БҚО прокуратурасы жеке сот орындаушысына қатысты қылмыстық іс қозғады

БҚО прокуратурасы жеке сот орындаушысына қатысты қылмыстық іс қозғады. Ол 532 мың теңгені аудармай, 9,8…